Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
Республикалық
ғылыми-педагогикалық
кітапхана

Кітапхананы пайдалау ережесі


Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрлігінің
Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасын пайдалану ҚАҒИДАСЫ 

 

1. РҒПК-ны пайдалану тәртібі

1.1. Пайдаланушыларды жазу абонементте жүргізіледі. Пайдаланушы жазылу кезінде:

- 16 жасқа дейінгі оқушы – туу туралы куәлігін;

- 16 жастан жоғары жеке тұлғалар – жеке басын куәландыратын куәлігін ұсынуға міндетті.

1.2. Оқырман билетінің мерзімі – бір жыл. Кітапхана жыл сайын қаңтар-наурыз айларында оқырмандарды олардың өздеріне тіркелген барлық әдебиеттерді көрсетуімен қайта тіркеуді жүргізеді. Кітапхана қайта тіркеуден өтпеген оқырмандарға қызмет көрсетпейді.

1.3. Кітап сақтау қоймасынан әдебиеттер алу үшін тапсырыс (оқырман сұранысы) толтырылады, онда сұралатын құжаттың шифры мен библиографиялық деректері көрсетіледі.

1.4. Кітапхана қорынан берілетін әрбір құжат атауына жеке оқырман сұранысы толтырылады.

1.5. Кітапхананың кітап сақтау қорынан берілетін әдебиеттерге оқырман сұраныстарын қабылдау абонементтің әдебиеттер беру кафедрасында дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, сенбі күні сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін қабылданады.

2. РҒПК- ның абонементін пайдалану тәртібі

2.1. Пайдаланушыға үйіне бір мезгілде ең көбі 5 басылым беріледі. Басылымдарды пайдалану мерзімі – 10 күн. Егер басылым жоғары сұранысқа ие болса, оны пайдалану мерзімі 5 күнге қысқартылуы мүмкін. Басылымдарға басқа оқырмандар тарапынан сұраныс болмаса, оларды пайдалану мерзімі ұзартылуы мүмкін. (Қатарынан екі реттен аса ұзартылмайды).

2.2. Үйге берілмейтін басылымдар: газет-журналдар, авторефераттар, диссертациялар, карталар, атластар, анықтамалықтар, сөздіктер, энциклопедиялар, құнды және сирек басылымдар, соңғы және жалғыз дана, сондай-ақ «Міндетті дана» мөртаңбалы басылым данасы.

2.3. Әдебиетті қайтару мерзімі бұзылған жағдайда кітапхана әрбір басылым және кешіктірілген күн үшін айыппұл санкциясын (тұрақсыздық айыппұлы) қолданады.

2.4. Әдебиеттерді пайдалану мерзімін жүйелі түрде бұзатын пайдаланушы тұрақты немесе нақты мерзімге абонементпен пайдалану құқығынан айырылады.

2.5. Құжаттарды бүлдірген, жоғалтқан жағдайда оларды дәл сондай құжаттармен алмастыруы тиіс. Құжатты құны бірдей құжатпен алмастыру мүмкін болмаған жағдайда, құжаттың он еселік құнымен өтеуге тиіс.

3. РҒПК-ның оқу залын пайдалану тәртібі

3.2. Пайдаланушылар кезекші кітапханашыға оқырман билетін көрсетіп, оқу залына кіреді.

3.2. Оқу залында пайдалануға арналған құжаттар үйге берілмейді.

3.3 Оқу залында басылымдарға тапсырыс берер кезде пайдаланушылар оқырман билетін ұсынады және қажетті басылымдарды алған кезде оқырман формулярына және әр басылымның кітап формулярына қол қояды.

3.4. Оқырман залына берілетін құжаттар саны, әдетте, шектелмейді. Кітап сақтау қорындағы басылымға бір мезгілде сұраныс көп болған жағдайда кітап сақтау қорындағы әдебиетке қабылданатын тапсырыстар саны сағатына 5 оқырман сұранысына дейін шектелуі мүмкін.

3.5. Негізгі кітап қоймасынан оқу залына берілетін әдебиеттерді оқырман екі күнге брондала алады.