«Бабалар сөзі» сериясы – ғылыми басылымҚазақ халқының бай ауыз әдебиеті өзінің құнары мен көлемі жөнінен әлемдік фольклор мұраларының арасында алдыңғы қатарда тұр. Осынау мол рухани құндылықтарымыздың тарихи-мәдени мәні мен көркемдік деңгейі жөнінде осыдан екі ғасырдай бұрын бірқатар шетелдік ғалымдар оң пікір білдірсе, кейін орыс фольклортанушылары мен отандық зерттеушілердің еңбектерінде де жан-жақты, салиқалы да терең ой-тұжырымдар жасалып, жоғарыдағы көзқарас ғылыми тұрғыда дәлелденді. Қазақ фольклоры ғасырлар бойы ауыздан-ауызға тарап, халық жадында сақтала келіп, тек ХІХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап ғана қағазға түсіріліп, кітап болып жарияланып, ғылыми қауымның назарына іліне бастады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында фольклорымыздың сан алуан жанрды қамтитын таңдаулы нұсқалары, сондай-ақ шығыс сюжеттері желісінде жырланған көптеген дастандар жеке-жеке кітап болып басылып, мыңдаған данамен елге тарады. Дегенмен, фольклорлық туындыларымыздың көбірек жарияланып, жүйелі зерттеле бастаған кезеңі-кеңестік дәуір. Осы уақытта (1920-1991) қазақ фольклоры жанрлық жағынан сараланып, олардың ең маңызды үлгілері әр түрлі хрестоматиялық оқулықтар мен жинақтарға, сондай-ақ халық ауыз әдебиетінің алғашқы сериялық басылымдарына енді. Осы басылымдардың ішіндегі 2004-2013 жылдары «Фолиант» баспасынан шыққан «Бабалар сөзі» атты 100 томдығы. «Бабалар сөзі» сериясы – ғылыми басылым. Оның негізгі принципі – шығарманың табылған нұсқаларын жүйелеп, өзара салыстыра зерттеп, фольклорлық шығарманың сюжеті мен жанрлық белгілері туралы толық көрініс беретін мәтінді таңдап, оқырманға ұсыну. Басылымның басты мақсаты – халықтың рухани мұрасын сол күйінде өзіне қайтару, яғни қолда бар фольклорлық материалдарды түгел жарыққа шығару. |