Оқу мәдениетін дамыту жолындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылдыМаңызды серіктестік – ортақ мақсат жолында «Кітап оқитын ұлт – Оқитын ұлт» қоғамдық қоры мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын іске асыру аясында өтті және қоғамда тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Меморандум аясында тараптар оқу мәдениетін дамыту, әдебиетті насихаттау, зияткерлік әлеуетті арттыру, сондай-ақ жобаның мазмұндық және ғылыми-әдістемелік сапасын күшейту бағытында бірлесіп жұмыс жүргізуге келісті. Бүгінгі таңда жобаға 189 мыңнан астам қатысушы тіркеліп, ол «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыттары бойынша жүзеге асырылуда. Кездесу барысында жобаны іске асыруға қолдау көрсетіп отырған Қамқоршылық кеңес мүшелерімен таныстыру, алдағы жоспарлар мен ортақ міндеттер талқыланды. Бұл меморандум – білім мен руханиятты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың бастауы және кітап оқуды қоғамның басты құндылығына айналдыру жолындағы маңызды қадам. Оқу мәдениетін бірге қалыптастырайық! |


