Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
Республикалық
ғылыми-педагогикалық
кітапхана

ҚР БҒМ РҒПК «Оқулықтар және электронды оқулықтар - білім берудің негізгі ресурстары» секциялық сессиясының үшінші бөлімінің жұмысына қатысты

2020 жылдың 13 тамызында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы (одан әрі ҚР БҒМ РҒПК) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының (одан әрі ҚР БҒМ «Оқулық» РҒПО) Республикалық тамыз конференциясы аясында қашықтан өткізіп жатқан «Оқулықтар мен электрондық оқу басылымдары – білім берудің негізгі ресурстары» тақырыбындағы секциялық отырыстардың үшінші секциясының жұмысына қатысты. Секцияның жұмысына Республиканың барлық өңірлерінің білім беру ұйымдарынан 386 адам қатысты.

Конференцияны ҚР БҒМ «Оқулық» РҒПО директоры Ғани Бектайұлы Бейсембаев құттықтау сөзімен ашты. ҚР БҒМ РҒПК директоры Айман Әлиқызы Насырова қатысушыларға сөз арнап, алғысын білдірді.

Үшінші секцияның тақырыбы «Мектеп кітапханаларын заманауи талаптар контексінде трансформациялау» деп аталады. Секцияның мақсаты: мектеп кітапханаларының қызметін заманауи талаптар контексінде жаңғырту мәселелерін талқылау.

Секция аясында ҚР БҒМ РҒПК ғылыми-әдістемелік бөлімшесінің басшысы Амангүл Бастаубайқызы Емишованың «Цифрлық дәуір: білім беру ұйымдары кітапханаларының жұмысындағы мүмкіндіктер мен проблемалар» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.

Слайд және диаграмма форматында жасалған, мектеп кітапханалары туралы ең қажетті ақпараттар мен статистикалық мәліметтерден тұратын дәйекті баяндамада қазіргі сандық жүйеге көшу кезеңіндегі мектеп кітапханалары жұмысында болып жатқан оң өзгерістермен қатар, әлі де шешілмеген бірқатар проблемалар бар екендігі көпшіліктің назарына ұсынылды.

Атап айтқанда, кітапханалардың тиісті дәрежеде материалдық-техникалық қамтамасыз етілмеуі, кадрмен қамтамасыз ету проблемалары, кітапханашылардың әлеуметтік беделінің төмендігі, әлеуметтік және экономикалық қорғалмауы, қала және ауыл мектептері кітапханаларының арасындағы елеулі айырмашылықтар, тағы басқа осындай шешілмеген проблемаларды көтерді.

Конференцияға қатысып отырған қалың кітапханашылар қауымы осы көтерілген проблемаларды қызу қолдады, көптеген сұрақтар қойылды.

Конференцияда сөз алған «Оқулық» РҒПО мониторинг және апробация зертханасының меңгерушісі Жаркембаева Жанар Айбекқызы, мектеп кітапханаларының қызметін жетілдіру мәселелерін қозғады, жаңа форматтағы мектеп кітапханашысы қандай болу керектігін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, конференцияда М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д. Нұрдаулет Ақыш, «Білім берудің бірегей ұйытқысы» тақырыбында, «Қазына» кітап сауда үйінің директоры Шайкенов Алмас, «Ана тіліндегі көркем әдебиеттің ұлттық сананы арттырудағы рөлі және кітап оқуды сәнге айналдыру жолдары» тақырыбында, Батыс Қазақстан облысы "Білім беруді дамыту орталығы" кітапхана қорының әдіскері Сағындыкова Анаргүл Галиаскаровна, «Кітапханалық бағдарламалар және оны өңірдің мектеп кітапханалары жұмысына ендіру тәжірибесі» тақырыптарында баяндамалар оқып, кітапханалар және оның қорларындағы әдебиеттер туралы пікірлерін ортаға салып, сөз сөйледі.

Конференцияға қатысушылар Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың баяндамасын ең өзекті проблемаларды көтерген, конференция тақырыбын аша білген баяндама деп бағалады.

Сонымен қатар қатысушылар ҚР БҒМ РҒПК кәсіби әдістемелік көмек беруін одан әрі жалғастырып, кәсіби семинарларды, тағылымдамаларды, біліктілікті көтеру курстарын жиірек ұйымдастырсын деген өтініштерін жеткізді.