Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
Республикалық
ғылыми-педагогикалық
кітапхана

ТАМЫЗ КЕҢЕСІ-2020

2020 жылдың 20 тамызында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы (одан әрі ҚР БҒМ РҒПК) «ТАМЫЗ КЕҢЕСІ-2020: Білім беруді сандық трансформациялау» тақырыбындағы Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының онлайн форматта Microsoft Teams платформасы арқылы қашықтан өткізген Республикалық тамыз конференциясы аясында білім беру ұйымдарының кітапханашыларына арналған «САНДЫҚ КІТАПХАНА» тақырыбындағы алаңға қатысты.

Конференция жұмысына Нұр-Сұлтан қаласындағы колледж және мектеп кітапханашылары, сонымен қатар шақырылған қонақтар, барлығы 120 адам қатысты.

Білім беру ұйымдары кітапханашыларына арналған бұл тақырыптық алаңның жұмысын Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының бөлім басшысы Амирхамзина Райгүл Гильманқызы басқарды. Конференцияны құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға алғысын білдірді.

Конференцияның мақсаты: білім беру ұйымдарының кітапханаларын заманауи ілгерілету, кітапханаларда сандық технологияларды пайдалану.

Конференцияда ҚР БҒМ РҒПК ғылыми-әдістемелік бөлімшесінің басшысы Амангүл Бастаубайқызы Емишованың «Цифрлық дәуір: мектеп кітапханаларының жұмысындағы мүмкіндіктер мен проблемалар» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.

Слайд және диаграмма форматында жасалған, Нұр-Сұлтан қаласындағы мектеп кітапханалары туралы ең қажетті ақпараттар мен статистикалық мәліметтерден тұратын дәйекті баяндамада қазіргі сандық жүйеге көшу кезеңіндегі мектеп кітапханалары жұмысында болып жатқан оң өзгерістермен қатар, әлі де шешілмеген бірқатар проблемалар бар екендігі көпшіліктің назарына ұсынылды.

Атап айтқанда, кітапханалардың тиісті дәрежеде материалдық-техникалық қамтамасыз етілмеуі, негізгі салалық кітап қорларының жеткіліксіздігі, қорды сапалы жинақтау, кадрмен қамтамасыз ету проблемалары, кітапханашылардың әлеуметтік беделінің төмендігі, әлеуметтік және экономикалық қорғалмауы, ескі және жаңа мектеп кітапханаларының арасындағы елеулі айырмашылықтар, тағы басқа осындай шешілмеген проблемаларды көтерді.

Конференцияға қатысып отырған кітапханашылар қауымы осы көтерілген проблемаларды қызу қолдады, көптеген сұрақтар қойылды.

Конференцияда сөз алған Ұлттық академиялық кітапханасының электрондық ресуртарды басқару қызметінің басшысы Назырова Саулеш Сапабекқызы, кітапханалардың даму тенденцияларындағы сандық ақпараттық ресурстардың атқаратын рөлі жөнінде қажет мәліметтерді ортаға салды.

Нұр-Сұлтан қаласы, Ә. Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі Сайрамбаева Айсулу Нурбаевна, мектеп кітапханасының нормативтік-құқықтық құжаттары туралы мәлімет берді.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кітапханасының ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Дарибаева Гульшат Габдуллаевна,

қазіргі білім беру ортасындағы колледж кітапханаларының мақсаттары мен міндеттері жөнінде мазмұнды ақпараттар берді.

Жоғары көлік және коммуникация колледжінің кітапханашылары Жунусова Гулмира Болатовна, Омарова Маншук Меиримовна, «Колледж кітапханасы - сапалы білім берудің ақпараттық және зияткерлік ресурсы», Жоғары медициналық колледжінің кітапхана меңгерушісі Буранбаева Мадина Емешовна, «Колледж кітапханасында құжаттарды есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу» тақырыптарында баяндамалар оқыды, ойларымен бөлісті.

Конференция бағдарламасына енген барлық сөз сөйлеушілер өз тақырыптарында баяндамалар оқып, білім беру ұйымдарының кітапханалары туралы пікірлерін ортаға салып, сөз сөйледі.

Конференцияға қатысушылар Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың баяндамасын ең өзекті проблемаларды көтерген, конференция тақырыбын аша білген баяндама деп бағалады.

Сонымен қатар қатысушылар ҚР БҒМ РҒПК кәсіби әдістемелік көмек беруін одан әрі жалғастырып, кәсіби семинарларды, тағылымдамаларды, біліктілікті көтеру курстарын жиірек ұйымдастырсын деген өтініштерін және алғыстарын жеткізді.

Конференцияның соңында арнайы «Сұрақ-жауап» диалогына уақыт бөлінді. Қатысушылар негізінен байланыс чаты арқылы көптеген сұрақтарды ҚР БҒМ РҒПК маманына қойды.

«Мектеп кітапханаларын автоматтандыру үшін қандай бағдарламаны қолданған тиімді?» деген ең көп қойылған сұраққа Емишова былай жауап берді: Бұл өзекті проблема барлық кітапханалардың басынан өтті. Кітапханалардың басым көпшілігі автоматтандырылған программа таңдауда қателесті, жылдар бойы тәжірибе жинақтады.

Мәселен, РҒПК өзінің тарихында 1999-2006 жылдар аралығында екі программа ауыстырды. 2006 жылы үшінші «МАРК-SQL» программасын түбегейлі орнатты. Программаның авторы Ресей Федерациясы, «Информ-система» Ғылыми-өндірістік бірлестігі. Аталған программаның РҒПК 14 жыл бойы үздіксіз сапалы қызмет ету себебіне тоқталайын.

Бұл программа электрондық есептеуіш машиналардың барлық нұсқаларында оқылатын Бүкіләлемдік МАРС форматында құрастырылған, біртұтас автоматтандырылған жұмыс модульдері түгел, толығымен қазақ шрифтісін қолдайды, әлемнің кез келген кітапханаларымен ақпараттар алмастыру үшін экспорт-импорт сервистік платформасы бар, 2008 жылдан бері мектеп кітапханаларына арналған нұсқасы интернетте тегін орналасқан. Лицензиялық келісімі бар.

РҒПК мектеп және колледж кітапханаларына аталған программаны ұсынып, 2011 жылдан бері біліктілікті көтеру курстарын өткізіп, оқытып, үйретіп келеді. РҒПК өз тәжірибесінен өткізген осы программаны Сіздерге ұсынады, оқытады, үйретеді...

Емишова сұрақ қойған барлық әріптестерге чат арқылы жауап берді, белсенді болғандары үшін рахметін айтты, ұйымдастырушыларға және қатысушыларға алғысын жеткізді.

Конференция достық, әріптестік жағдайда сәтті аяқталды.