«Ғылымға жол бүгіннен басталады» атты ғалымдармен тағылымды кездесу өтті«Ғылымға жол бүгіннен басталады» атты ғалымдармен тағылымды кездесу өтті Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының бастамасымен Абай ұлттық мектебінің кітапханасында «Ғылымға жол бүгіннен басталады» атты ғалымдармен тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – Тәуелсіз Қазақстан тарихын ғылым тұрғысынан түсіндіру, оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыру, тарихи жадыны қалыптастыру және ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Кездесудің кіріспе бөлімін Абай ұлттық мектебінің оқушысы Нұрхан Қағаз жүргізіп, алғашқы сөзді мектеп директоры Мұқашев Қайрат Манатбекұлына ұсынды. Өз сөзінде мектеп басшысы білім мен ғылымның ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып, жас ұрпақты ғылым жолына бағыттаудың өзектілігін атап өтті. Әрі қарай ол кездесуге арнайы келген ғалымдар мен қонақтар таныстырылды. Іс-шараға қатысқан қонақ-ғалымдар: Шаймерденова Меңдіғаным Жамалбековна – тарих ғылымдарының кандидаты, профессор; Шаймерденова Нұрсұлу Жамалбековна – филология ғылымдарының докторы, профессор; Новосельцева Наталья Владимировна – педагогика ғылымдарының кандидаты, «Көкжиек – Горизонт» баспа үйінің баспа департаментінің директоры.
Кездесу барысында профессор Шаймерденова Меңдіғаным Жамалбековна Тәуелсіз Қазақстан тарихының жазылу ерекшеліктері мен ғылыми зерттеулердің маңызы туралы мазмұнды баяндама жасады. Ал профессор Шаймерденова Нұрсұлу Жамалбековна өзінің ғылыми еңбектерімен қатар балаларға арналған ертегілердің авторы екенін айтып, шығармашылық жолы жайлы қызықты мәліметтермен бөлісті. Ғалымның ертегілерінің бірнеше шет тілдеріне аударылғаны оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар ғылым жолының күрделі әрі жауапты екені, бұл жолда табандылық пен үздіксіз ізденістің маңызды екені атап өтілді. «1 минут – 1 факт» айдары аясында оқушылар ғалымдарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ғылымға қадам басу, тарихи зерттеу жүргізу, оқулық жазу үдерісі жөнінде нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Кездесудің келесі қонағы Наталья Владимировна Новосельцева Тәуелсіздік тарихына арналған мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, сондай-ақ ғылыми және көркем әдебиеттер бойынша библиографиялық шолу жасап, баспа саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Тағылымды кездесу оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақ зерттеуші ретінде қалыптасуына зор ықпал етті. |























































