Сіздердің назарларыңызға Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана қорының тарих бөлімін толықтырған жаңа туындыларды ұсынамызБұл кітаптар мұғалімдерге, ізденушілерге, докторанттарға, жоғары оқу орын студенттері мен магистранттарына, жоғарғы сынып оқушыларына және жалпы тарихқа қызығушылықтары бар оқырмандарға арналады. Тынышбек Дайрабайдың «Түркістан 1866-1872» атты үш тілде жарық көрген альбомында Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихы, мәдени, кәсіптік, археологиялық, этнографиялық ескерткіштерінің ең озық үлгілері жинақталған. Түркістан генерал-губернаторына (1867-1917 жж.) қараған Жетісу, Сырдария, Заравшан округі, Самарқанд, Ферғана (Қоқан хандығы) облыстары қамтыған. Жазушы, публицист, ғалым Б. Қойшыбаевтың «Ұлттық қозғалыс сарбазы» атты рисәләсінің басты кейіпкері – ХХ ғасырдың басындағы көрнекті қоғам қайраткері Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев. Бұл тарихи туындыда оның және күрескерлік жолда халыққа қатар қызмет еткен үзеңгілестерінің ел мүддесін көздеген іс-әрекеттері, Алаш қозғалысының бастауында, ұлт-азаттық көтеріліс уақытында, 17-ші жылғы екі революция мен совет дәуірінде атқарған істері, заман талабына сай қоғамдық-саяси ойды дамытудағы үлестері суреттелген. «Естеліктегі Алаш» ғылыми-танымдық басылымында Алашорда қайраткерлерінің мемлекетшілдік сана биігіндегі жасампаздық ғұмырларының тарихи тағылымына бойлататын түрлі жанрдағы естеліктерден үзінділер берілген. Қыр перзенттерінің туған жері мен ата тегі, отбасы мен ағайын-туысқандары, өскен ортасы мен мұраттас серіктері, рухани және ғылыми айналасы, қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудегі тар жол, тайғақ кешулі саяси-қоғамдық қызметтерінің белесті кезеңдеріне қатысты құнды деректер қамтылған. Құрастырған, алғы сөзін және түсініктерін жазған С.Б. Жұмағұл. «Сұлтанбек Қожанұлы: Таңдамалы мақалалары мен архивтік құжаттары» жинағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанұлының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар Ресей Федерациясы және Өзбекстан Республикасы архивтерінің қорларынан жинақталып, алғаш рет ғылыми айналымға ұсынылып отыр. «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Өрт жылдардың отты жандары» кітабында Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстаннан соғысқа шақырылған әйелдер туралы баяндалады. Ұлы Отан соғысы кезінде жауынгер әйелдер ұшқыш, байланысшы, снайпер, әуе шабуылшысы, авиациялық қару-жарақтың шебері, далалық хирургиялық әскери ауруханалардың мейірбикесі, взводтың санитарлық нұсқаушысы, барлаушы, қондырғылардың машинисі, хабаршы персоналы, соғыс алаңдарындағы монша мен кір жуу орындарының қызметшілері, аспазшы, наубайшы ретінде өз міндеттерін адал орындағандығы, жеңіс жолында жастығы мен өмірін, көркі мен денсаулығын берген нәзік жандылар туралы мағлұматтар қарапайым тілмен жазылған. Жинақты құрастырған К.Е. Жунусова. С. Мәлікованың «Тың эпопеясы» тарих таразысында еңбегінде Қазақстанның солтүстік аймағында 1954-1964 жылдары «Тың және тыңайған жерлерді игеру» деген мемлекеттік бағдарламамен жүргізілген аграрлық реформаның тарихындағы көлеңкелі тұстарды ашып, КСРО жоғарғы билігі тарапынан қабылданған шараларға жаңа көзқарас тұрғысынан баға береді. Тарихта «Тың эпопеясы» деген атпен қалған ұлы науқанның салдарларын талдайды, нақты деректер негізінде оның зардаптарын жүйелеп көрсетеді. https://www.facebook.com/100052031268955/videos/240800250997682/ |