Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
Республикалық
ғылыми-педагогикалық
кітапхана

Әлемдегі ең танымал, ерекше және ірі кітапханалар

Құрметті оқырмандар!

Адамзат баласына керекті рухани байлықтың бәрі кітаптан табылады. Ал енді білімнің қайнар бастауы болып саналатын кітапты жинақтап сақтайтын, оны оқырмандарына жеткізетін қасиетті орын – кітапхана. «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет» деген көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің сөзі кітапхананың өмірдегі орнын дәл айқындап тұрғандай.

Білім мен ғылымның, ақпарат пен мәдениеттің орталығы болып табылатын киелі орда кітапханада тек кітап беріліп қана қоймайды. Қазіргі әлемде кітапханалар ең саналы адамдар бас қосып, пікір таластыратын және түрлі идеяларын ұсынатын маңызды әлеуметтік құрылымдарға айналды.
Әлемдегі ең ерекше кітапханалар ежелден бері үлкен білім ұясына ғана емес, саяхаттауға арналған жарқын әдемі жерлерге айналды.
Ежелгі уақытта кітапханалар адамзаттың зияткерлік және рухани дамуының ғибадатханасы болып саналды, сондықтан олардың құрылысына ерекше көңіл бөлінді. Әлемдегі ең әдемі кітапханалар керемет сәулетімен, кітаптар мен шаңның ерекше иісімен, жайлылық пен тыныштық атмосферасымен қаныққан үлкен оқу залдарымен ерекшеленеді.

Назарларыңызға әлемдегі кітап қоры жағынан ең бай, көлемі бойынша ең ауқымды, ерекше, оқырманы өте көп, пайдасы ұшан-теңіз кітапханаларға шолуды ұсынамыз. Олар орналасқан аудандар белсенділіктің эпицентрі болып табылады.

Әлемдік тарихи-мәдени мұра жауһарларының қайнар көзі болып табылатын бұл кітапханаларды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу абыройлы міндет болмақ.