8.11.24 жылы Тарбағатай ауданы Ақжар селосында Ұлағатты Ұстаз, Қазақтың Ханапасы атанған Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның 80 жылдық мерейтойына арналған және Ұстаздың ғылыми-әдістемелік зертханасы филиалына 15 жыл толуына орай арналған қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің әдістемелік облыстық семинары өтті. Семинардың тақырыбы: «Қ. О. Бітібаеваның әдебиет әлеміне салған дара жолы». Семинарға ШҚО ББ «Өркен» ШҚ өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы» әдіскері Айгүл Жанахметовна, ШҚО С.Аманжолов атындағы «Абайтану» институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Айжан Маратбекқызы, Қ.Бітібаеваның Республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасының жетекшісі, PhD Меруерт Қозықанқызы, Ұстаздың ғалым шәкірті ШҚО С.Аманжолов университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Қасенов Сакен Тоқанұлы семинардың пленарлық бөлімінде баяндама жасады. Екінші бөлімінде Ұстаздың «Ой тастау, ойлау, ойланту» технологиясына негізделген шеберлік сыныптары, жасанды интеллект бойынша сабақтар өтті. Қ.Бітібаеваның қазақ әдебиетін оқытудағы инновациялық технологиясының тиімділігі мен жаңашылдығын насихаттауға бағытталған облыстық семинар жоғары деңгейде өтті. Бұл іс-шара Абай атындағы орта мектепте өтті. Осы Абай атындағы орта мектепте Ұстаздың көзі тірісінде зертхана филиалы 2008 жылы ашылған. Содан бері 15 жыл өтті. Осы жылдар аралығында зертхана «Үздік зертхана-2023» конкурсында «Бас жүлдені» де жеңіп алған еді. Зертхана филиалы Ұстаздың атына өтетін олимпиадада жүлделі орын алып, грант иегері атанған. Осы жерде Тарбағатай ауданы бойынша білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ракымбаева Алмагуль Мырзахметовна, Тарбағатай ауданы бойынша білім бөлімінің әдіскері Байсалбаева Жулдыз Сайлаубековна, Абай атындағы орта мектептің директоры Акыбаева Назигуль Ниязбековналарға осындай іс-шараны ұйымдастырып өткізгендеріне алғысымыз шексіз. Туған жердің топырағы ыстық, жусаны жұпар, мал жейтін шөбі де, аунайтын топырағы да дәрі деуші еді. Сағынып қалыппыз. Түнде жеттік. Ақжарға кіре берісте Тарбағатай ауданы бойынша білім бөлімінің әдіскері Байсалбаева Жулдыз Сайлаубековна мен
Тарбағатай ауданы бойынша білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ракымбаева Алмагуль Мырзахметовна тосып алды. Өзіммен бірге апайларым Бақыт пен Жаңыл бірге шақырылған еді. Әкелген үйлері заманауи үлгіде, жып жылы, кең, барлық жағдай жасалынған. "Хан апаның сіңілілері келе жатыр" деп, бізді көзіндей көріп қарсы алғандары қуантты. Қонақжай халықпыз ғой, сол дәстүрмен жайылған дастарханға қойдың басы, жамбасы, жіліктермен тартылды. Қымыз құйылды. Бізге мәре-сәре болып жүр. Қуанышымызда шек жоқ. Бағанағы жолдың ауырлығы, шаршағанымыздың бәрі ұмыт болды. Сыймен тартылған етімізді жеп, сорпа, қымызымызды, қаймақ қатқан қызыл қою шәйімізді ішіп, Ұстазға деген құрмет осындай болады екен-ау деп іштей риза болдық. Хан апаның ұстаздар қауымы алдындағы керемет ұлықтауына тағы бір рет тәнті болдық. Ал дастархан дайындап, күтіп жүрген екі ұстазымыз біз дем алсын деп кетіп қалды. Мынаны қараңызшы.. сүйтсек.. біз жүргенде қиналмасын деп кетіп қалған Тарбағатай ауданы бойынша білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ракымбаева Алмагуль Мырзахметовна екен және бұл үй сол кісінің үйі екен. Ал жаңағы екінші ұстазымыз Тарбағатай ауданы бойынша білім бөлімінің әдіскері Байсалбаева Жулдыз Сайлаубековнаның үйінде де облыстан келген мұғалімдеріміз тоқталған екен. Оларды да құрметпен қарсы алған қонақжай көңілдеріне тәнті болдық. Киелі жеріміздің қонақжай азаматшаларының дархан ісі мақтанарлықтай екен. Апайларыммен шәй ішіп, әңгімелесіп түнгі төртке дейін отырыппыз. Қарнымыз тоқ, қайғымыз жоқ болып отырғанда... Меруерт есімізге түсіп, Меруертке қоңырау шалғанымыз да бар. Таңертеңгі сағат 8.30 да Абай мектебіне келдік. Ұжымның домбырашылар оркестрінің күйімен кіре берістен-ақ Абай атындағы орта мектебінің директоры Акыбаева Назигуль Ниязбековна тосып алды. Ұжым Тарбағатай таулары әнін шырқап тұр. Көзімізге еріксіз жас алдық. Бұл мектепте жұмыс жасамай, текке жүрген, жұмыстан сабағы біте сала қашатын мұғалімдер болуы мүмкін емес. Барлық жағдай жасалған. Әр кабинетте ақылды тақта, ия барлық кабинеттерінде... бәрі бар. Маған бәрі ұнады, әсіресе СТЕМ кабинеті мен ТВ Студия кабинеті. Мектеп мұражайы қандай... Сөз жоқ. Осындай жылы, жәйлі мектептің осындай дәрежеде жұмыс істеп тұрғаны мектеп директорының ұжымды дұрыс жолға қоя білуі мен жұмыстың жүйелі ұйымдастырылуында. Бұл мектеп өзінен-өзі осылай тұра қалмаған шығар ... Ақша сұрау, осындай дәрежеге көтеру - мектеп басшысының бірінші міндеті. Ия, оқушылар мен мұғалімдерге жағдай жасаған мектеп басшысының еңбегі. Қызығып та, қуанып та кеттім... Жүзі жайсаң, бірақ жұмысқа келгенде талап қоя білетін басшы , осы мектептің директоры -ау. Бұл мектептен көрген білгендерімнің бәрін жазу мүмкін болмаса да.. Сіздердің алдыларыңызда, аз болса да қуанышыммен бөліскенді жөн көрдім. Көп болса Сіздер келетін болған соң дайындалған шығар дерсіздер... Жоқ, мәселе қонақжайлығында емес... Пейілдері қандай кең болса, сол пейілдей кең жұмысының да барлығына куә болдым. Ол «Тайға таңба басқандай» көрініп тұр. Құрметті оқырмандарым! Мақсатым біреудің шамына тию емес... Мақсатым жағдай жасап беріп, «Ал енді жұмыс жасаңдар» деп отырған басшының әрекетін айту. Түскі асымызды ішіп, ата-баба аруағының басына барып құран бағыштап жолға шықтық. Шіркін, осындай заманауи мектептердің ауыл топырағында бастау салғаны қандай керемет, осындай ауыл балаларына қызмет ететін мектеп саны арта түссе екен деп тілек тіледім...