|
ӨмірбаяныҚанипа Омарғалиқызы Бітібаева Қанипа Омарғалиқызы 1945 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Комсомол ауылында көп балалы отбасында дүниеге келді. Әкесі Бітібаев Омарғали, Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі (1970 жылы дүниеден өтті). Анасы Бітібаева Әзине – «Батыр ана» (1995 жылы қайтыс болды). Қанипа Бітібаева 1952-1959 жылдары Сталин атындағы жеті жылдық мектепті, 1963 жылы аудан орталығы Ақжар селосындағы Абай атындағы орта мектепті бітірді. Оқуға қаражат жинау мақсатында бір жыл механизатор болып жұмыс істеді. 1964-68 жылдар арасында Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқып, оны «үздік» дипломмен бітірді. Институт қабырғасында жүріп, Халық театрының маңдай алды мүшесі болды, басты рөлдерде ойнап, өнерімен Халық артистері Ә.Жаңбырбаев, К.Сәкиеваларды тәнті етеді. 1968-80 жылдар арасында туған аулында мұғалім, директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. 1976 жылы облыстық директорлар семинарында атақты ұстаз СССР Халық мұғалімі Қ.Нұрғалиев ұстаздың сабағына қатысады. Жас ұстаз еңбегіне таңдай қаға отырып, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігіне» ұсынады. Алғашқы күннен бастап, мектепте «Жас қалам» әдеби драма үйірмесін жүргізіп, ауылда кіші театр ашады. Аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға қол жеткізеді. 1976 жылы Мәскеуге барып, академик Ю.К. Бабанскийге жолығып, «Оқу-тәрбие жұмысын оптималдандыру»туралы жоспарына жоғары баға алып, Ленин атындағы орта мектептің жұмысына оптимизация идеяларын кіргізе бастады. Қ. Бітібаева 1977 жылы ауданда тұңғыш рет «Әдістемелік кабинет» жабдықтайды. Ол аудан мұғалімдерінің - ғылыми ізденіс орталығы, зертханасына айналады. Шалғай ауылдағы жас ұстаз еңбегі облысқа тарап, республикаға естіле бастайды. Ауданда, облыста іс-тәжірибесі таратылады. 1980 жылы Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатына жұмысқа шақырылады. Республикалық «Шапағат», «Ақбұлақ» арналарына ұстаз туралы жеті рет хабар беріледі. Ұстаздың еңбегі дер кезінде бағаланып, Шығыс Қазақстандағы тұңғыш Бүкілодақтық «Крупская медалінің» иегері болады. 1990 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығы беріледі. Ұстаз Одақта бесінші, өз елімізде бірінші лауреат атанады. Москвадағы осы сапарында оған «Народное образование» журналының білімді, беделді әрі Одаққа танымал тілшісі Лев Красновский жолығып, үш күн сұхбаттасып, интервью алады. Педагог-тілші Қанипаның іс-тәжірибесіне аса қызығып, «Одақта сіздей ұстаздар аз» деп ағынан жарылды. «Мен қолымда билігі бар адам болсам, Сізге бүгін-ақ «Халық мұғалімі» деген атақ берер едім» дейді. «Народное образование» журналының 1990 жылғы бесінші санында «Я сделала свою карьеру» атты мақаласын басады. Одақтық «Учительская газетаның» арнаулы тілшісі С.Синицкая Қанипаның 18 сабағына қатысып, шәкірттерімен сұхбаттасады. Қанипа шәкірттерінің мектеп көлемінен асып-тасып жатқан терең біліміне тәнті болады. Ұстаз қайда жүрмесін, қай мінбеде сөйлемесін, қай беделдінің алдында тұрмасын ешкімнен қаймықпай, туған тіл тағдырын, қазақ тілінде оқытатан мектептер мәселесін, ұстаздар жайын батыл көтеріп отырады. Сол себепті де әріптестері оны «Қазақтың Қанипасы» деп атай бастайды. Ұстаздық жолда жанкешті еңбегіне «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Қазақ ССР Халық Ағарту ісінің үздігі, СССР Халық Ағарту ісінің үздігі, Монғол Халық Республикасының «Даңқты ұстаз» атағы иегері, Республиканың «Ең үздік ұстазы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің иегері, ШҚО, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының мүшесі, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Лидер образования» медалінің иегері атанып, Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институтының профессоры, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың құрметті профессоры, Семей Мемлекеттік педагогикалық институтының құрметті профессоры, Қазақстан-Американдық еркін университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Республикасының Педагогикалық ғылымдар академиясының құрметті академигі сынды ғылыми атақтар мен марапаттар беріледі. Ұстаз алдына Ресей, Қытай, Түркия елдерінен де ғалымдар, ұстаздар келіп, іс-тәжірибесімен танысады. Ұстаздың сабақтарына қатысқан академик З.Ахметов, атақты ғалым Т.Кәкішев, парламент мүшесі педагог-ғалым Ж.Наурызбай, ақын Ф.Оңғарсынова т.б жоғары баға береді. Ұстаз туралы жазылған Одақ, республика, облыс көлемінде жазылған 70-тен артатын мақалалар, очерктер, ақындар жыры, әріптестерінің пікірі – ұстаздың ерен еңбегінің куәсі. Қанипа Омарғалиқызы соңғы 15 жылда республика ұстаздарына 4000 сағаттай дәріс оқып, ашық сабақтар берді. Атаулы мектеп және Қ.Бітібаеваның іс-тәжірибесін Білім және ғылым министрлігі 3 бөлімді бейнефильм арқылы ( республикадағы алғашқы бейнефильм) таратты. Қанипа Бітібаева «Ажар сто женских лиц» энциклопедия-журналына кірді. Ол «Живые легенды» номинациясында тұр. Ұстаз тұлғасы, педагогикалық еңбегі туралы үш кітап жазылды. 2004 жылы «Қазақтың Қанипасы» атты кітап Г.Құдайбергенова, С.Әбішева, Б.Баймұқандардың авторлығымен жарық көрді. Бұл кітап 2005 жылы Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен «Білім» баспасына қайтадан шығарылды. Сондай-ақ, 2005 жылы тарихшы ғалым Ғ.Қарасаевтың «Ұстаздықтың Хан апасы» атты кітабы жарық көрді. Республикада тұңғыш рет шыққан «Ұстаздық еткен жалықпас» очерктер жинағына «Егемен Қазақстан» газетінің белгілі тілшісі С.Мәмет, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі, ақын Ә.Қаңтарбайдың авторлығымен «Қазақтың Қанипасы» атты мақала жарияланды. Жаңашыл ұстаз – 150-ден аса ғылыми-әдістемелік мақалалардың, 40 кітаптың авторы. Ежелгі дәуір әдебиетінен, бүгінгі әдебиетті қамтитын оқу бағдарламасын, оқу құралдарын жазды. «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» атты үш кітабында осы мәселелер сөз болды. Қанипа Омарғалиқызы Абайды оқыту туралы үш кітап, Әуезовті оқыту туралы үш кітап жазды. Бұл еңбектер - ұлыларды оқыту туралы Республикадағы тұңғыш іргелі зерттеулер. Ұстаз белгілі ғалымдар Ә.Қоңыратбаев, А.Көшімбаевтардан кейін жоғарғы оқу орнының оқытушыларына, ұстаздары, мектеп мұғалімдеріне негіздеп, «Әдебиетті оқыту әдістемесі, технологиясы» атты үш оқулық жазды. Ұстаз - жаңа буынның жетінші сыныпқа арналған оқулығының, әдістемелік оқу құралдарының авторларының бірі. Қанипа Омарғалиқызы 1960-2000 жылдар әдебиетін оқыту мәселесіне де арнайы еңбектер жазды. М.Мақатаев, Ж.Жақыпбаев, Т.Айбергенов, К.Мырзабеков, А.Сүлейменов, О.Бөкей, Ф.Оңғарсынова сынды аса дарынды қалам иелерін жоғары сыныптарда оқытудың өзекті мәселелерін көтерді. Ол сондай-ақ, «Абай ақындығының айналасын» арнайы қарастырып, оқу бағдарламалары мен әдістемесін ұсынды. 1991 жылы ұстаз «Қазақ әдебиетін әлем әдебиетімен байланыстыра оқыту» бағдарламасын жасап, оны облыстық, республикалық ғылыми кеңес сарабынан өткізіп, авторлық сыныптарды ашты. Қазіргі күнде оны бітіргендер профессор, ғылым докторы, ғылым кандидаттары болып отыр. Қанипа Омарғалиқызы 1991 жылы іс-сапармен Американың Аризона штаты, Тусон қаласында болып, іс-тәжірибе таратты. «Тусон қаласының құрметті азаматы» болды. Іс-тәжірибесімен Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркменстан, Ресей қазақтары да таныс. 2000 жылы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен ТМД елдерінде бірінші болып, Астанада «Әр сабағында ақ жаңбыр боп жауатын» атты шығармашылық кеші өтті. Облыстық Білім департаменті, «Дарын» орталығы Бітібаева сыйлығына халықаралық, аймақтық, облыстық пән олимпиадаларын өткізеді. 2009 жылдан Білім және ғылым министрлігінің № 1-02-2/977 бұйрығымен кабинеті республикалық ғылыми-әдістемелік зертхана болып ашылды. Астананың №64 лицейінде, облысымызда 16 зертхана филиалы және 4 қауымдастық жұмыс жасайды. 2013 жылы «Егіз өрім» педагогикалық эсселер жинағын жазды. Бұл соңғы еңбегі болды. Ұлы ұстаз 2014 жылы 9 қыркүйекте дүниеден өтті. |