Сегодня исполняется 90 лет со дня рождения Омирбека Арыслановича Жолдасбекова, доктора технических наук, профессора, академика Академии наук Казахстана и Международной инженерной академии.Жолдасбеков Өмiрбек Арысланұлы 1931 жылы 1 наурызда Оңтүстiк Қазақстан облысы, Шымкент ауданы (қазiргi Сайрам ауданы), Қызылсу ауылында туған. 1954 ж. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университетiнiң механика-математика факультетiн бiтiргеннен кейiн, Шымкент қаласындағы Қазақ технология институтының математика және механика кафедрасының оқытушысы, аға оқытушы, механика факультетiнiң деканы болып жұмыс iстедi. 1961 ж. Мәскеу тоқыма институтының аспирантурасын бiтiрiп, осы институттың оқытушысы болып жұмыс iстеуге қалдырылды. 1962-1964 жж. Қазақ политехника институтының доценті, кафедра меңгерушісі, деканы 1970 жылға дейін оқу жұмысы жөніндегі проректоры болып қызмет атқарды. 1970-1986 жж. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң (қазiргi әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті) ректоры, 1986 жылдан - Ұлттық Ғылым академиясының механика және машинатану институтының директоры болды. 1991 ж. Ө.А.Жолдасбеков дүние жүзi мойындаған ғалым ретiнде Халықаралық инженерлiк академияның вице-президентi болып сайланды. 1993 ж. Ислам елдерi инженерлiк академиялары федерациясының вице-президентi, 1997 ж. Америка инженер-механиктер қоғамының мүшесi болып сайланды. Қазақстан Республикасы Инженерлiк академиясының негiзiн қалап, оның тұңғыш президентi болды. 400-ден астам ғылыми еңбектiң авторы, оның iшiнде 18 монография, 30 оқу құралы, 120 авторлық куәлiк пен шетелдiк патенттiң авторы. Ол машинатану жөнiндегi тұңғыш қазақ терминологиясын жасады, механизмдер мен машиналар теориясы туралы және университеттер мен жоғары оқу орындары үшiн теориялық механика жөнiнде қазақ тiлiнде тұңғыш оқулықтар жазды. Ө.А.Жолдасбеков 24 ғылым докторы және 90-нан астам ғылым кандидаттарын дайындады. Ө.А.Жолдасбеков Қазақстанның еңбек сiңiрген ғылыми қайраткерi, Республика Жоғары Кеңесiне алты рет депутат болып сайланды, 1996 жылдан өмiрiнiң соңына дейiн Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, әрi ондағы Әлеуметтiк-мәдени даму жөнiндегi комитет төрағасы болды. Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, Ленин орденiмен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденiмен, көптеген медальдармен, оның iшiнде Халықаралық және Ресейлiк ғылыми-инженерлiк бiрлестiктердiң Г.В.Шухов атындағы алтын медалiмен, Халықаралық инженерлiк академияның күмiс медалiмен марапатталған. Механика және машинатану институтына, ҚазҰУ қалашығындағы Студенттер сарайына, университет мұражайына, сондай-ақ, Алматы және Шымкент қалаларындағы көшелерге Ө.А.Жолдасбеков есiмi берiлген. |